Қостанайлық полицейлер алысқа қатынайтын жүргізушіге көмек көрсетті

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Ұзынкөл ауданының полицейлері тасжолда тежегіш қалыптары қатып қалған жүк көлігінің жүргізушісіне көмек көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жүргізуші Петропавлдан Қостанайға жүк апара жатқан.
«12 ақпан күні 18:00-де Ұзынкөл аудандық полиция бөлімшесінің кезекші бөлімінің аға инспекторы, майор Серік Жанайдаров бақылау камераларын тексеру кезінде Ұзынкөл ауылына қарай өтер жолда үш сағат қозғалыссыз тұрған «Daf» автокөлігін көрген. Оқиға орнына учаскелік полиция инспекторы, лейтенант Денис Слесарь жіберілді. Полицей көліктің амал жоқтығынан тоқтатылғанын анықтады», - деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Жүк көліктің жүргізушісі 40 жастағы Инак Уфик көмек сұрады. Инспектор екі арнайы техника жұмылдырып, автокөлікті шығарып алды.
Көмек көрсетілгеннен кейін жүргізуші сапарын жалғастырды.