Қостанайлық полицейлер қаза болған әріптестерінің отбасыларына сый жасады

ҚОСТАНАЙ.ҚазАқпарат – Қостанайлық полицейлер қаза болған әріптестерінің отбасыларына барып, Тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полиция қызметкері Федор Балановский 1992 жылы қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан-ды. Милиция старшинасы Федор Балановскийге қаскөйлер оқ атқан. Ол Ішкі істер органдарында 14 жыл қызмет еткен. Әріптестерінің айтуынша, Федор тәжірибесі мол маман болған.

«1992 жылғы 7 тамызда милиция старшинасын күдікті ер адам табельдік қарумен атып, жарақаттайды. Қаза тапқан тәртіп сақшысының есімі Қостанай облысы Полиция департаментінің «Милиция даңқы» мемориалы мен мұражайында сақталған», делінген полиция ақпаратында.


Сержант Қайыржан Жаппасбаевтың есімі де мәңгі есте қалады. Жол полициясы инспекторы 2009 жылы 1 тамызда мас жүргізушінің кінәсінен болған жол апаты салдарынан қаза тапты. «Сол кезде полицей жол қозғалысының сақталуын қадағалауды жүзеге асырып тұрған болатын. Медициналық пунктке барар жолда тәртіп сақшысы ауыр дене жарақаттарынан көз жұмды. Полицейдің артында жұбайы Гүлжан мен ұлы Дәулет қалды.

Кадр саясаты басқармасы бастығының орынбасары Қуаныш Дүйсебаев Татьяна Балановская мен Гүлжан Жаппасбаеваға гүл шоқтарын тапсырып, тәртіп сақшылары атынан материалдық көмек көрсетті.

Әйелдер полицейлерге жұбайларын еске алғаны және көп көңіл бөлгені үшін алғыс айтты», - дейді полицияның баспасөз қызметіндегілер.

Тәртіп сақшылары әр жылдары қызмет бабында қаза тапқан 17 әріптесінің отбасына барды.

Айта кету керек, қостанайлық полицейлер қаза тапқан полицейлердің отбасына тұрақты түрде қолдау көрсетуде.