Қостанайлық полицейлер суицид жасамақ болған әйелді құтқарды

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Жітіқара қаласының полиция бөлімі қызметкерлері балконнан секіріп кеткен болған әйелді құтқарып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Жітіқара қаласының 4-шағын ауданында болған. Жергілікті тұрғындар үйдің 4-ші қабатындағы балконнан секіріп кеткелі тұрған әйелді көріп, полицияға хабар берген. Оқиға орнына патрульдік полицейлер Абылай Әменов, Қайрат Исмаилов және Алданыш Берденов жұмылдырылды.

«Тәртіп сақшылары келгенде әйел балконның жақтау темірінен ұстап тұрған. Абылай Әменов үшінші қабаттағы балконға шығып, әйелді иығына мінгізіп алды. Осы уақытта Алданыш Берденов төртінші қабатқа көтеріліп, пәтер ішіне кіргізіп алды. Қайрат Исмаилов та балконға мініп, әріптесі Абылай Әменовтің құлап кетпеуін қадағалап тұрды. Осылайша, полицейлердің жылдам әрі батыл қимылының арқасында 29 жастағы әйел аман қалды», - делінген полицияның баспасөз хабарламасында.

Полицейлердің айтуынша, әйелдің неліктен суицид жасамақ болғаны белгісіз. Тексеру жұмыстары жүргізілуде.

Айта кетейік, биыл елімізде 58 бала өзіне қол жұмсап, қаза тапты. Бұл туралы бүгін ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен халықпен онлайн кездесуінде айтты.