Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Тимур Бисимбаевтың айтуынша, Қостанай облысында 121 мың адам ауыл шаруашылығымен айналысады. Барлығы 7,6 мың ауыл шаруашылығы нысаны жұмыс істейді. Жыл басынан бері олар 559,2 млрд теңгенінің өнімін шығарған.
«Облыстың аграрлық саласындағы міндеттерді толық орындауға мемлекеттік қаржылық қолдауы тікелей әсер етеді. Биыл республикалық және жергілікті бюджеттерден қаржыландырудың ең көп сомасы бөлінді. 41,2 млрд теңге субсидиялар мен бюджеттік кредиттерге бағытталды. Қостанай облысында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 29,4 млрд теңге несие қаражаты берілді. Шаруалар пандемияға қарамастан жылдық жоспарды орындады. Осы жылы біздің облыс республикада игерілген инвестициялық субсидиялар бойынша көшбасшы орынға шықты. 13 млрд теңге бөлініп, 2621 өтінім субсидияланды, минералды тыңайтқыштарды енгізу көлемі артты. Нәтижесінде негізгі капиталға 49,5 млрд теңге инвестиция түсті», - дейді басқарма басшысы.
Ауыл шаруашылығы басқармасы аудан әкімдіктерімен бірлесіп, 2021 жылғы егіс алқаптарын әртараптандыру бойынша жұмыс жүргізуде. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жерді ұтымды пайдалануды тапсырды. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын азайтпау мәселесі күн тәртібінен түспеуі тиіс. Атап айтқанда, облыс шаруалары қарақұмық, күнбағыс майы, картоп және көкөністер өсіру үшін арнайы алқаптарға ие болады. Алаңдарды бөлуді ауыл шаруашылығы басқармасы іске асырады.