Депутаттар қаладағы «Милх» сүт шығару зауытында болды. Олар мұнда аграрлық салаға қатысты заң нормаларының жергілікті жерде қалай жүзеге асып жатқанымен танысты. «Милх» ЖШС сүт өнімдерінің 70-ке жуық түрін шығарады. Мұнда бүгінде 600-ге жуық адам еңбек етеді. Өндіріс барысы соңғы үлгідегі «ақылды» машинамен басқарылады. Кәсіпорын бес жыл бойы тауарын Ресейге экспорттап келеді. Былтыр сыртқы нарыққа жіберілген өнімнің үлесі 12 процентке артқан. Зауыт шикізатты жергілікті өндірушілерден сатып алады. Бұл сүт өндіретін шаруашылықтар мен ауыл тұрғындары үшін аса тиімді.
«Жыл сайын ауылшаруашылығы саласына 600 млрд теңге бөлінеді. Соның тең жартысы - субсидия. Бұл дегеніңіз, қайтарымсыз қаржы. Мемлекет тарапынан кәсіп бастаушыларға үлкен көмек көрсетіліп жатқанын байқауға болады. Мұның бәрі бизнесті, соның ішінде ауылдық жердегі өндірісті дамыту үшін жасалып жатқан жұмыс»,- дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұрат Теміржанов.
Халық қалаулылары аумақтық кәсіподақ аясында жұмыс істейтін жастардың кеңейтілген отырысына қатысты. Жас кәсіпкер Айгүл Мұстафинаның сөзінше, қазіргі уақытта жастардың бастамаларына заманауи үлгіде қолдау көрсетіледі.
«Мен былтыр «Жас проект» жобасына қатысып, «Кішкентай» атты әлеуметтік тігінхана аштым. Бастапқыда үш бағытта жұмыс істедік. Соның бірі - ерекше күтімді талап ететін балғындарға сауықтыру өнімдерін шығара бастадық. Шала туған нәрестелерге арнайы тоқылған киімдерді тігу де жоспарға енді. Бұл бастамаға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі ерекше лебізін білдірді»,- дейді жас кәсіпкер.
Кездесуде әлеуметтік салалар бойынша мәселелер көтерілді. Осы уақытқа дейін облыста 20 мыңнан астам адам әлеуметтік көмекке қол жеткізген. Орта есеппен аймақта айына бір балаға көмек мөлшері 4706 теңгеден бастап 20 789 теңгеге дейін жетеді. Бұл өткен жылғыдан 4,4 есеге дейін ұлғайды.
Облыста «Құтты мекен» жобасы аясында 2 млрдтан астам қаржыға 46 жобаны жүзеге асыру көзделуде. Халық қалаулылары әлеуметтің әлеуетін әлдендіретін бастамалар алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді.