8 қаңтар күні Аманқарағай ауылының 78 жастағы тұрғыны өз үйінде көмірден уланып, көз жұмды. Тағы осыған ұқсас жағдай 7 қаңтарда Қостанай қаласында да қайталанды. 20 жастағы бойжеткен мен 10 жасар бала ысқа уланды.
«2017 жылдың қазан айынан бастап бүгінгі күнге дейін республика бойынша барлығы 28 адам ыстан уланып, көз жұмды, 183 адам жарақат алды. Қаза болғандардың арасында 1 бала бар. Бүгінде біздің азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері арнайы рейдтер жүргізеді. Ол рейдтер барысында тұрғындардың үйлеріне кіріп, үгіт-насихат парақшаларын таратып, пештерді ақаусыз қалай қолдану керегі туралы айтып тұрады»,-деді Руслан Иманқұлов.