Жаңа жобаның авторы Мұхтар Ілиясов қосымшаны қолдану жүйесі туралы айтып берді.
«Негізінен, біз іске қосқан қосымша Рязань қаласының мамандары жасаған бағдарламаға ұқсайды. Бұл жүйе автобустарға GPS-трекер орнатқан соң қосылады. Мұнан соң қоғамдық көліктердің бағыты серверге түседі. «Ақылды көлік» қосымшасы мүмкіндігі шектеулі жандар үшін де қолайлы жағдайларды қарастырған. Сайтта (Smartbus.kz) мүгедектердің түсіп-мінуіне ыңғайлы автобустар ақ түспен белгіленіп тұрады. Бұл қызмет Android және IOS платформаларында жақын арада пайда болмақ»,- дейді М. Ілиясов.
Қосымшаны браузер арқылы Smartbus.kz сайтында, сондай-ақ Android және IOS бағдарламалық жүйелері арқылы ұялы телефонда пайдалануға болады.
«Қосымшаның тағы бір артықшылығы бар. Кез келген тұтынушы А нүктесінен В нүктесіне мекенжайды көрсетеді. Бұдан соң бағдарлама автобустардың кестесін шығарады. Осылайша, әркім өздеріне қажетті қоғамдық көліктерді таңдайды», - деп түсіндірді қосымша авторы.
Айта кетейік, «Ақылды көлік» жүйесі Қостанайдағы 10 автобусқа енгізілді. 15 наурызға дейін барлық қоғамдық көлік жаңа жүйеге қосылады.