Қостанайлықтар қала күнін тойлап жатыр

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанайда қала күні аталып өтілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кешелі бері қостанайлықтар қаланың 139-шы туған күнін ерекше ықыласпен атап өтуде. Түрлі спорттық- мәдени шаралар ұйымдастырылып, концерттік бағдарламалармен жалғасып жатыр.

Айта кетейік, кеше қала тұрғындарын эстрада әншісі Серік Ибрагимов құттықтап, ән кешін берді. Осы күні «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» саябағында мотофристайл шеруі басталды. Күн аяғында «Сиқырлы би әлемі» фестивалі мен лазер шоуы өткізілді. Бұған қоса «Костанайские зори», «Искорка», «Зорянка», «Индиго» сынды хореографиялық ұжымдар өз өнерлерін паш етті.



Ал бүгін қалалықтар А.Байтұрсынұлы атындағы алаңға жиылды. Мұнда - мектеп оқушыларының лабиринт ойыны. Бұл уақытта орталықтағы мәдени демалыс саябағында да іс-шаралар қатар өтті. Ән мен жыр байқауының үздіктері анықталды.
Бизнес орталығының маңына жиналған жұрттың қарасы қалың. Себебі, бұл жерде хот-дог әзірлеуден облыс чемпионаты өтті. Басты талап - 6 минут ішінде 30 хот-дог жасау. Үздік шыққандарға тұрмыстық техникалар тапсырылды.



«Хот-дог жасаудың қиын еместігін әркім біледі. Бірақ, оны дәмді әрі сапалы жасау қиын іс. Мен екі жыл бойы аталмыш фаст-фудты дайындап келемін. Бүгінгі чемпионатқа 50-ге жуық қатысушы тіркелді. Солардың ішінен озық шыққаны бағалы сыйлыққа ие болады. Қостанайлықтарды қала күнімен құттықтаймын», - дейді жарыс қатысушысы Мәдина Жанбосынова.
Қала күнінің кешкі бағдарламасы орталықтағы шахмат клубы маңындағы сахнада жалғасады.

Сондай-ақ, облыстық орыс қоғамдастығы «Алмалы тамыз» мерекелік байқауын өткізеді. «Туған күніңмен, Қостанай!» мерекелік бағдарламасынан соң отшашу ұйымдастырылады.