Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 48 қостанайлық мемлекеттік наградаларға ие болды. Архимед Мұхамбетовтің айтуынша, бұл – қажырлы еңбектің нәтижесі және еңбеккерлердің қызметіне берілген жоғары баға.
«ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Еуразиялық экономикалық одақ құрылып, жұмыс істеуде. Елімізде халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар табысты іске асырылып жатыр. Коронавирустық инфекция пандемиясы аясында қиын жағдайға қарамастан Қостанай облысында да экономикалық көрсеткіштердің өсуі байқалады. Қостанайлықтарды әрдайым еңбексүйгіш, жауапты және өз ісіне берілген дер едім. Әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыруға қосқан зор үлестеріңіз үшін сіздерге және ұжымдарыңызға алғыс білдіремін», - деді Архимед Мұхамбетов салтанатты жиында.
Сонымен, өңірдің өркендеу жолында аянбай тер төккен бес қостанайлық «Қостанай облысының Құрметті азаматы» атағына ие болып отыр. Олар: Ұлы Отан соғысының ардагері, ақын, жыршы, жорналшы Қасымхан Алдабергенов, «Мәскелеу» ЖШС директоры Зейнолла Жаңбыршынов, «Железнодорожное АМФ» ЖШС директоры Максим Артемук, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Бағила Баймағамбетова және ақын, драматург Ақылбек Шаяхмет.
Бұдан бөлек «Парасат» орденімен «Фрунзенское» ЖШС директоры Николай Шерер, «Құрмет» орденімен Жітіқара ауданының әкімі Абай Ибраев, «Қостанай минералдары» АҚ Басқарма төрағасы Ербол Нұрхожаев, «Успеновское» ШҚ басшысы Анатолий Сергеев, «Шайхин» ШҚ басшысы Ғалымжан Шайхин марапатталды.