Концерттік бағдарламасымен Қостанайға келген поляк пианисі Кшыштоф Кичьордің есімі өнерсүйер қауымға жақсы таныс. Ол Фридерик Шопен, Игнация Феликс Добжиньский, Александр Затаевич, Ян Сибелиус сынды ұлы композиторлардың шығармаларын орындап, әлем сахналарында танылып үлгерген.
Кшыштоф Кичьор қаладағы №1 музыка мектебіне келіп, өнер көрсетті. «Z Polski z miłością» (Польшадан ыстық махаббатпен) деп аталатын концерт кешін облыстық Достық үйі мен «Надея» музыка мектебінің поляк қауымдастығы ұйымдастырды. Ол осы концертін Польша тәуелсіздігінің 100 жылдығына арнады.
Облыстық ҚХА басшысы Бибігүл Аққожина өнерпазға қостанайлықтардың атынан қазақтың халық аспабы - домбыраны сыйға тартты.
Бұл басқосуға «Тобыл» футбол клубының бас бапкері Марек Зуб те шақыртылды.
«Достық пен махаббат музыкамен ұштасты. Музыкадан алынатын сезім футболдағыдан әсте кем емес. Біз көлік жасап, киім тікпейміз, біз тек сезім ұсынамыз. Меніңше, осы эмоция концертке келген әрбір адамның жүрегінде сақталады», - деп атап өтті Марек Зуб.
Айта кетейік, Кшыштоф Кичьор осы концерті арқылы Қазақстандағы саяхатын бастайды. Енді ол Атырау, Қарағанды, Павлодарға барып, концерт қояды.