Қостанайлықтар жол сапасы туралы телефон арқылы ақпарат бере алады

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Облыс тұрғындары өздерін толғантып жүрген мәселелерін мессенджер арқылы жеткізе алады. Бұл туралы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінде өткен жиында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Департамент басшысы міндетін атқарушы Асхат Ескендіров «Қоғамдық бақылау картасы» жобасын іске асырудағы ең маңызды тетіктердің бірі цифрландыру бағытын жеделдету екенін атап өтті.

«Егер шалғай ауылдардағы жолдың сапасы нашар болса немесе су құбыры іске қосылмай тұрса, онда кез келген тұрғын мәселені мессенджер арқылы жеткізе алады. Мұнан соң арнайы құрылған топ проблеманың мән-жайын анықтайды. Бұл арқылы азаматтардың цифрландырудағы мүмкіндіктерін арттыруға болады. Бір жағынан мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жұмысын қадағалауға мүмкіндік аламыз. «Қоғамдық бақылау картасы» нағыз халықтық жоба болмақ», - дейді А.Ескендіров. 

«Қоғамдық бақылау картасы» үш бағытта жүзеге асатын болады. Біріншіден, әлеуметтік желілер арқылы кері байланыс орнатылады. Екіншіден, тұрғындарға Qamqor мобильдік қосымшасы көмекке келеді. Сондай-ақ, бақылау картасы аймақтық мониторинг топтарының қатысуымен жүргізіледі.

«Мониторинг жүргізетін топтар облыстық маңызы бар қалалар мен аудан орталықтарында құрылды. Топ құрамына шалғай ауылдардың өкілдері де қосылды. Олар арнайы іріктеуден өтті», - деді аймақтық мониторинг тобының басшысы  Динара Өтебаева.

Брифингте айтылғандай, «Қоғамдық бақылау картасы» - пилоттық жоба. Бүгінде әлеуметтік желілерде парақшалар ашылып, арнайы мессенджер жұмыс істеп тұр. Мессенджер (WhatsApp) нөмірі - 8-707-602-1424.  суреті поштада