Костенко шахтасындағы апат: 10 айыпталушы 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды
ҚАРАҒАНДЫ. KAZINFORM — Қарағандыда 46 кеншінің өмірін қиған Костенко атындағы шахтадағы жарылысқа қатысты сот процесі аяқталды.
Қарағандыда 2023 жылдың күзінде Костенко атындағы шахтада орын алған қазаға қатысты сот процесі аяқталды. Жарылыс салдарынан 46 кенші жер астында мерт болған еді.
Алихан Бөкейхан атындағы аудандық соттың судьясы Бахтияр Аханов кеншілердің өліміне әкелген апатқа байланысты үкімін жариялады. Айыпталушылар қатарында 10 адам.
Сот үкіміне сәйкес келесідей жаза кесілді:
Сергей Мустивко, Костенко атындағы шахта директоры — 8 жыл бас бостандығынан айырылды;
Вадим Ерёмин, өндіріс жөніндегі директордың орынбасары — 7 жыл;
Николай Грознов, бас инженер — 7 жыл;
Виктор Коптенков, № 6 учаске бастығы — 7 жыл;
Владимир Гонноченко, қазба жұмыстары жөніндегі бас инженердің орынбасары — 6 жыл 6 ай;
Дмитрий Федоренко, еңбекті қорғау жөніндегі бас инженердің орынбасары — 6 жыл;
Владимир Шишканов, желдету және еңбекті қорғау учаскесінің бастығы — 5 жыл;
Дмитрий Коцар, бас механик — 6 жыл;
Виталий Пестрятак, шаң-жарылысқа қарсы қорғау учаске бастығының көмекшісі — 6 жыл;
Төлеген Ғабдүшев, конвейерлік тасымалдау учаскесінің бастығы — 5 жыл.
Еске салсақ, Костенко атындағы шахтадағы жарылыс 2023 жылғы 28 қазанда таңертең болды. Ресми мәлімет бойынша, метан газының детонациясы көмір шаңының жарылыс тізбегін шақырған, оның концентрациясы рұқсат етілген нормадан едәуір жоғары болды.
Апат кезінде жер астыда 252 адам болған. 205 шахтер жер бетіне шығарылды. Жеті адам денесі бірден табылды, бірақ бір сағат ішінде құрбан саны онға жетті. 31 қазанда 46-шы шахтердің денесі табылды.
Қайғылы оқиға орнына Қарағандыға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев келіп, қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты және «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.
Осыған дейін алдағы сот отырысында прокурорлар айыпталушыларға ең қатаң жаза сұрағаны жайлы жазған болатынбыз.