Қосымша білім беру ұйымдарында 13 мыңнан астам бала тәлім алуда - елорда
«Өздеріңіз білетіндей елордада қосымша білім беру ұйымдары жұмыс істейді. Қосымша білім беру ұйымдарында оқу үрдісі музыка, өнер және көркемсурет мектептерінде 1 қыркүйекте басталды. Алдын-ала жазылу бойынша ата-аналардың өтініші және мұғалімдердің келісімі негізінде кезекші топтар ұйымдастырылды. Ондағы балалардың саны - 13 163», - деді Б. Сматаева баспасөз мәслихатында.
Сабақтар қашықтан, жеке түрде (бір мұғалім және бір оқушы) және 15 баладан аспайтын кезекші топта өткізіледі. Сабақтың ұзақтығы штаттық режимде - 40 минут, онлайн түрде 15-тен 30 минутқа дейін.
«Әрине, сабақ өткізу кезінде мұғалімдер жалпы білім беру мектептердің сабақ кестесін басшылыққа алады», - деді ол.
«Қаламыздағы барлық білім беру ұйымдарында санитарлық талаптар қатаң сақталуда. Санитайзерлер, туннельдер, кілемшелер, тепловизорлар орнатылды, сондай-ақ дезинфекциялау құралдарының қоры бар. Әрине, ата-аналар мектептің штаттық режимге көшуін сұрап жатқандарын түсінеміз. Бірақ, мектептерді штаттық режимге көшіру елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты болады. Біз өз кезегімізде балалардың үздіксіз білім алуы үшін барлық жағдайды жасаймыз», - деді Бағлан Сматаева.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері Жанна Пралиева жаңа оқу жылы басталғалы елордада мұғалімдер арасында коронавирус жұқтыру жағдайы тіркелмегенін айтты.
Алайда 6 қыркүйектен бастап оқушылар арасында індет жұқтырудың алты жағдай тіркелді. Оның ішінде бір оқиғада бала мектепке барып жүрген, қалған бесеуі қашықтан оқыту тәртібінде білім алды.