Көтеріп алып шықты: «Семей орманындағы» өрт кезінде лагерьдегі балалар қалай эвакуацияланды

СЕМЕЙ. KAZINFORM — Абай облысында орман өртіне байланысты балалар лагерінен эвакуация жүргізілген кезде полиция қызметкерлері бүлдіршіндерді қауіпсіз жерге көтеріп алып шықты.

Фото: Абай облысы ПД

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, орман өрті туралы хабар түскеннен кейін тәртіп сақшылары өрт ошағына жақын орналасқан балалар лагеріне алғашқылардың бірі болып жеткен. Эвакуация ұйымдасқан түрде өтті. Балалар көлікке дейін ертіп жеткізілсе, бүлдіршіндерді полицейлер қолдарына көтеріп, оларды сабырға шақырып отырды.

— Басты міндет — балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және дүрбелеңге жол бермеу болды. Кішкентай балаларды полиция қызметкерлері қолдарына көтеріп алып шығып, оларды тыныштандырып, қауіпсіз жерге жеткізді. Үйлесімді әрекеттің арқасында лагерьдегі барлық тәрбиеленуші мен қызметкер дер кезінде эвакуацияланды, — деп хабарлады Абай облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Фото: Абай облысы ПД

Эвакуация аяқталғаннан кейін полиция қызметкерлері өрт аумағында жұмысын жалғастырды. Олар қауіпті аумақты қоршауға алып, өрт сөндіру және инженерлік техниканың кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін кіреберіс жолдарды жапты. Қазіргі уақытта полицейлер жол қозғалысын реттеп, тұрғындардың мүлкін күзетіп жатыр.

Еске салсақ, осыған дейін «Семей орманы» резерватында өрт шыққан соң лагерьдегі 200-ге жуық бала эвакуацияланғаны хабарланған