Ковалев пен Уорд жекпе-жегінің төрешісі: Мен жекпе-жекті қателесіп тоқтаттым

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сергей Ковалев (30-2-1, 26 КО) пен Андре Уордтың (32-0, 16 КО)  қарымта жекпе-жегіне төрелік жасаған Тони Уикс жекпе-жекті қателесіп тоқтатқанын мәлімдеді, деп жазады Sports.kz.

Айта кетейік, бүгін қос боксшының жекпе-жегі өткені туралы хабарлаған болатынбыз.

«Мен Ковалев өзін қорғамай тұрған соң кездесуді тоқтаттым. Егер мен соққылардың белдіктен төмен тигенін көрсем, жекпе-жекті тоқтатпас едім. Бұл менің қателігім болды», - деп жазды Уикс Твиттерде.

Ковалевтің промоутері Кэти Дува олар кездесу нәтижесін қайта қарау туралы шағым түсіретінін мәлім етті.

Еске сала кетейік, Андре Уорд қазақстандық Геннадий Головкиннің (37-0, 33 КО) қарсыласы болуы мүмкін. Бұдан бұрын Головкин онымен 168 фунт салмақта кездесуге дайын екендігін жариялаған.