Ковалев пен Уордтың кездесу алдындағы салмақ өлшеу рәсімі өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында Ковалев пен Уорд кездесу алдындағы салмақ өлшеу рәсімін өткізді, деп хабарлайды Вести.кз.

«Хабар» телеарнасы 20 қараша күні таңғы сағат 9-да тікелей эфирден жартылай ауыр салмақ санатында өнер көрсететін Сергей Ковалев пен Андре Уорд арасындағы WBA Super, IBF, WBO титулдары үшін жекпе-жекті көрсетеді, деп хабарланды «Егемен Қазақстан» газетінің сайтында.

Жұдырықтасу АҚШ-тың Невада штатының Лас-Вегас қаласындағы «T-Mobile Arena» спорт аренасында өтеді.

Сергей Ковалев - 33 жастағы ресейлік кәсіпқой боксшы. WBA Super, IBF, WBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы. 2014 жылы The Ring, WBO, Sports Illustrated, USA Today журналдарының нұсқасы бойынша үздік боксшы атанды.

Андре Уорд - 32 жастағы америкалық кәсіпқой боксшы. WBA, WBC, The Ring нұсқасы бойынша екінші орта салмақта әлем чемпионы. 2004 жылы кәсіпқой бокста өнер көрсете бастады.