Қой әлде сиыр еті: қайсысы тиімді және пайдалы

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның қай өңірінде ет бағасы төмен? Ас әзірлегенде сиыр етін қосқан дұрыс па, әлде қой етін бе? Ет бағасында мың теңге айырмашылық бар. Ал құрамы мен пайдасына келер болсақ, әрқайсысының өз артықшылығын ескерген жөн.

Фото: Kazinform/ЖИ

Еліміз бойынша қой етіне қарағанда сиыр етінің бағасы төмен. Ең арзанын салыстырған кезде сиыр еті қолжетімді болып шықты. Төмен баға Қызылорда қаласында тіркелді. Мұнда келісі шамамен 3 200 теңге. Ал Орал қаласында 3 300–4 000 теңге, Қостанайда 3 400–3 700, Талдықорғанда 3 400–4 500 теңге.

Сиыр етінің бағасы Алматы, Шымкент пен Атырау қаласында жоғары. Келісі 5 500 теңгеге жетті. Тараз қаласында еттің келісі 5 000 — 5 400, Өскеменде 4 500 — 5 000 теңге болып тұр.

Қой етінің бағасы өзге. Атырау қаласында келісі орта есеппен 3 500 теңге. Талдықорғанда 3 800–4 200 теңге, Қостанайда 3 900–4 100, Оралда шамамен 4 000 теңге. Ал Тараз қаласында келісі 5 600 теңгеге, Алматы мен Павлодарда 5 400 теңгеге жеткен.

Қазіргі кезде елімізде сиыр етін сатып алу тиімді болып тұр. Онда да баға өңірлерге қарай өзгеріп отырады. Бағаға малды қайда баққаны, тасымал мен сауда орны әсер етеді. Сонымен бірге сом ет пен жілікке қарай да құны құбылып тұрады.

Ал енді еттің пайдалы тұсына келер болсақ… Бұл сұраққа біржақты жауап беруге болмайды. Сиыр еті ақуыз, темір, мырыш және B12 дәруменіне бай. Майсыз етті күнделікті тамаққа қосуға болады және бұл май мөлшерін бақылауға мүмкіндік береді.

Инфорграфика: Kazinform

Қой етінің құрамында ақуыз, темір, мырыш және B тобының дәрумендері бар. Дегенмен қой етінің кейбір бөлігі майлы және калориясы жоғары. Сондықтан ет сатып алған кезде майсыз жерін таңдап алған дұрыс.

Адам етті қажетіне қарай сатып алады. Егер қалтаға салмақ салғысы келмесе көбіне сиыр етін тұтынған дұрыс. Қой етін таңдағандар ағзаға сіңімді әрі пайдаласын құп көреді. Адам денсаулығы үшін еттің түрі емес, оның майлылығы, сапасы, тағамды дайындау әдісі маңызды. Әрі қаншалықты тойып жегеніңіз де денсаулыққа әсер етеді.

Қазақстан бойынша қалаларда ет бағасы әртүрлі. Сиыр етінің келісі 3 200 теңгеден басталып, 5 500 теңгеге, ал қой етінің бағасы 3 500 теңгеден басталып, 5 600 теңгеге жетті, яғни екеуінің бірін таңдаған кезде ненің еті екені ғана емес, қай өңірден сатып алғаныңыз да маңызды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев екі жылда ет экспорты өскенін айтты.