ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ақтау қаласында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай қоян-қолтық ұрыстан өткен ҚР Ішкі істер министрлігі чемпионатында үш бірдей батысқазақстандық сақшы жүлдегер атанды.
БҚО ІІД баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы ұйымдастырған аталмыш жарыста ішкі істер органдарының 200-ге тарта қызметкері 55 пен 90 кг арасында салмақ дәрежелеріне қарай сынға түсті.
БҚО-дан барған полиция аға лейтенанты Темірлан Ихсанғалиев 80 кг салмақта жеңімпаз атанды. Сондай-ақ полиция лейтенанттары Бауыржан Ғұмаров 70 кг салмақта екінші, Ахмет Мостиков 90 кг салмақта үшінші орынды иеленді.
Айта кетейік, Темірлан Ихсанғалиев әскери самбодан да халықаралық додаларда олжа салып жүр. Ол 2015 жылғы әлем чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізсе, биыл Беларусь Республикасы Президентінің жүлдесі үшін өткен ХХ халықаралық турнирде жеңімпаз атанған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).