Қояндыда әлі күнге дейін 2 мыңға жуық үйдің құжаты жоқ — прокуратура
АСТАНА. KAZINFORM — Астана маңында орналасқан Қоянды ауылының тұрғындарын алаңдатқан мәселені Ақмола облысының прокурорлары қолға алды.
Бұған дейін Қоянды ауылының тұрғындары мүлікке құқық ресімдеуге байланысты құжаттарды алу үшін Астана, Көкшетау қалаларына баруға мәжбүр болатын.
Бұл халыққа қызмет көрсету орталықтарының қашықтығына байланысты азаматтардың наразылығын тудырды.
Кейбір жағдайда бұл жылжымайтын мүлік құқығының ұзақ уақыт тіркелмеуіне себеп болды.
Соның салдарынан соңғы су тасқыны кезінде апаттан келген залал үшін өтемақы алу кезінде құжаттың жоқтығынан проблема туды.
Мысалы, 2000-ға жуық үйде әлі күнге дейін құжат жоқ.
Осыған байланысты Бас прокурор Берік Асыловтың нұсқауы бойынша Ақмола облысының прокуратурасы ведомствоаралық жұмыс тобын құрды.
Халықпен бірнеше рет кездескеннен кейін жұмыс тобы мемлекеттік қызметтер ауылдың өзінде көрсетілуі керек екенін бірінші кезектегі міндет етіп белгіледі.
Ол үшін облыс прокуратурасы облыс әкімдігімен бірлесіп Қоянды ауылының № 2 жалпы орта мектебіне «бір терезе» қағидаты бойынша мемлекеттік қызмет көрсету үшін, оның ішінде азаматтардың жылжымайтын мүлікке құқығын жедел тіркеу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ қызметкерлері уақытша орналастырылды.