Көз алдымызда тарихтың жаңа айналымы басталып жатыр – Қасым-Жомарт Тоқаев
БУРАБАЙ. KAZINFORM – Әлемдегі ескі тәртіп күйреп жатыр, ал жаңа дәуірдің сұлбасы әлі нақты айқындалған жоқ. Бұл пікірді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың IV отырысында айтты.
− Әлемдегі ауқымды өзгерістерге баршамыз куә болып, тіпті, оған өзіміз де қатысып жатырмыз. Бұл үрдістің жалғаса берері сөзсіз. Басты халықаралық мәселелерді шешуге қатысты жаңа пайымдар мен нарративтер, ерекше көзқарастар мен тәсілдер пайда болды. Бұрын-соңды болмаған қақтығыстар, ушыға түскен сенім дағдарысы, қадір-қасиеті кете бастаған халықаралық құқық, экономикалық шайқастар қазіргі әлемнің басты сипатына айналды, − деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, мұның бәрі жаңа технологиялық қалып орныққан, маңызды ресурстар үшін талас-тартыс күшейе түскен, өндіріс және сауда-логистика байланыстары қайта құрылып жатқан, техногендік және табиғи апаттар туындаған кезеңге тұспа-тұс келіп отыр.
− Беделді саясаткерлер мен сарапшылар «дүние жүзі жаппай берекесіздік жайлаған немесе болашағы бұлыңғыр жаңа заманның қарсаңында тұр» деген пікір білдіре бастады. Басқаша айтқанда, әлемдегі ескі тәртіп күйреп жатыр, ал жаңа дәуірдің сұлбасы әлі нақты айқындалған жоқ. Көз алдымызда тарихтың жаңа айналымы басталып жатыр, − деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін Президент Д. Трамп бастаған Америка әкімшілігінің дәстүрлі моральдық құндылықтарды қалпына келтіруге бағытталған жұмыстары қолдауға лайық екенін айтқан еді.