Көз аурулары салдарынан 3 мыңнан астам балаға мүгедектік белгіленген

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде көзі нашар көретін 3 мыңнан астам балаға мүгедектік белгіленген, оның ішінде 300-ге жуық бала – үш жасқа толмаған. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлім болды.

Коллаж: Kazinform / Nano Banana

– Тәулік бойы жұмыс істейтін стационарда көздің тамырлы қабығы аурулары диагнозымен 1 951 бала ем қабылдаған. Сондай-ақ торқабық ауруларымен – 1 062, көру жүйкесінің ауруларымен – 1 025, қабақ ауруларымен – 1 016 және қылилығы бар 852 балаға медициналық көмек көрсетілді. Ал күндізгі стационарда дегенеративті көз ауруларымен – 1 735, қылилықпен – 1 056, қабақ ауруларымен – 614 және торқабық ауруларымен 554 бала емделген, – делінген жауапта.

Министрліктің мәліметінше, амбулаториялық деңгейде балалар арасында ең жиі кездесетін көз ауруларының қатарына миопия, қылилық, катаракта және глаукома жатады. 

– 2026 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша 17 жасқа дейінгі 3 мыңнан астам балаға мүгедектік белгіленген. Оның ішінде 300-ге жуық бала үш жасқа толмаған. Ал 29 245 бала динамикалық бақылауда тұр. Оның ішінде 25 193 балада рефракция және аккомодация бұзылыстары анықталған. Ал миопия диагнозымен 18 211 бала есепке алынған, – делінген хабарламада.

Балалар арасында мүгедектікке негізінен көздің туабітті ақаулары, торқабықтың тұқым қуалайтын дистрофиялары, көру жүйкесінің, көздің тамырлы қабығы мен торқабығының аурулары, сондай-ақ жоғары дәрежелі миопияның асқынған түрлері себеп болады. 

Айта кетейік, келесі жылдан бастап елімізде жаңа туған нәрестенің туабітті көз ауруын ерте анықтауға арналған жаңа скрининг түрі енгізіледі. 

Еске салайық, бұған дейін 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру аясында жаңа скрининг түрі енгізілетінін жазғанбыз.