Көзді демалдырудың 4 амалы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Көп кітап оқып немесе компьютердің алдында ұзақ отыратын адамдарға көзді ара-тұра демалдырып отырған абзал. Әйтпесе бірте-бірте жанарыңыз әлсірей беруі мүмкін дейді дәрігерлер. Көзді демалдырудың бұрыннан белгілі бірнеше амалы бар. Оқырмандарымызға тағы бір еске салу үшін massaget.kz порталы берген мына бір суретті ақпаратты ұсынамыз.

Бірінші, көз қарашығын әрекеттендіру. Жоғары-төмен, оңға-солға қарау, мұнда ең маңыздысы басты емес, көзді әрекеттендіру (суреттегідей); Екінші, көзді жыпылықтату. Басты жоғары көтеріп көзді ашып-жұмып машық жасау. Бұл көз айналасындағы қан айналысының жақсы болуына септігін тигізеді. Бұл әрекетті 2-3 рет қайталау керек (суреттегідей);

Үшінші, ыстық пен суықты кезек-кезек өткізу. Екі орамал дайындаңыз, оның бірін теріні күйдіріп кетпейтіндей ыстық суға шылаңыз, енді бірін мұздай суық суға салыңыз. Сосын алдымен ыстық суға салынған орамалды көзге 5 минут қойыңыз, онан соң суық суға малынған орамалды көзге 5 минут қойыңыз (ерекше ескерту, ыстық судың температурасы тым жоғары болып кетпеуі керек, көз терісі нәзік болатындықтан ыстық орамал күйдіріп кетуі мүмкін).

Төртінші, алысқа қарау. Алдымен алыс жерлерге 3 минут қарап тұру керек, сосын қолдың алақанына 1-2 минут, кейін қайта алысқа қарау. Бұл әрекетті бірнеше рет қайталап жалғастыру керек.