Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің құрылысы неліктен бітпей қалған
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Кесенедегі екі мұнараның биіктігі 65 метрге жетуі тиіс болған.
Кесене — аяқтауға не өзгертуге болмайтын, ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енген нысан. Демек ғимарат бастапқы келбетін сақтауы қажет.
— Неге кесене құрылысы әу бастан толық бітпеді? Себебі Әмір Темір бұл құрылысты аяқтай алмай кетті. 1405 жылы Қытайға жорыққа шыққан кезінде Отырар қаласында қайтыс болды. Бұл кесене — тек Ясауиге деген құрмет қана емес, Әмір Темірдің өз билігі мен күш-құдіретін көрсеткісі келгенінің дәлелі. Оны біз Әмір Темірдің «Егер біздің күшімізге күмәндансаңыз, біз салдырған ғимараттарға қараңыз» деген сөзінен біле аламыз, — дейді «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының экскурсоводы Марина Искакова.
Бұл пікірді тарих ғылымдарының кандидаты, археолог Марат Тұяқбаев та растады. Айтуынша, Әмір Темір мавзолей құрылысына Иран, Араб және өзге де елдерден тәжірибелі ұсталарды әкеліп, жұмыс істеткізген.
— Кейін Самарқаннан кесене салатын болып көпшілігін сонда алып кетті. Сол аралықта кесене ғимаратының қабырғасында жарықшақ пайда болды. Әмір Темір қайтыс болғаннан кейін ұсталар құрылысты жалғастырмақ болғанымен толық аяқтай алмады. Кесененің құрылысына сол кездегі ең мықты, суыққа да, ыстыққа да төзімді материалдар қолданылған. Ғимараттың бүгінге дейін сақталуы соның арқасында, — дейді ғалым.
Кесененің ені — 46,5, ұзындығы — 65 метр. Биіктігі — 41 метр. Ғимараттың бірнеше күмбезі бар. Оның орталық бөлмесінің төңірегінде түрлі мақсатқа арналған 35 бөлме салынған.
Оңтүстік бөліктің құрылысы ХVІ ғасырдың өзінде аяқталмай қалған. Жоспар бойынша екі мұнарасы биік болу тиіс. Мамандардың сөзіне сүйенсек, 65 метрге жетуі тиіс болған.
— Кесене — тарихтың үнсіз куәгері. Ол бізге тек өткенді ғана емес, сол заманның ұлы тұлғаларының арманы мен ұлылығын да жеткізіп тұр. Сол уақыттағы жөндеу жұмыстарына арналған ағаш діңгектер бүгінге дейін сақталған. ХІХ ғасырда Қоқан билігі тұсында мұнаралар мен қорғану орындары салынып, қам кесектен қоршалып, кесене қамалға айналдырылған. Мұнан кейінгі ғасырларда Түркістан билеушілері өз кезеңіне сәйкес кесене құрылысын аяқтауға тырысқанымен ешқайсысы да белгілі бір нәтижеге келе алмады. Қазіргі кезде бұл алып құрылыс бізден 700-800 жыл бұрын өмір сүріп, кейіннен қазақ халқының негізін құрған көне түркі тайпаларының мәдениетін, тарихын зерттеуде құнды дерек көзі саналады, — дейді экскурсовод Марина Искакова.
Айта кетейік, бұдан бұрын Түркістандағы Шығыс моншасы жайында жазған болатынбыз.