Бұл жайлы бүгін Алматыда өтіп жатқан "Қожа Ахмет Ясауи мұрасы және қазіргі заманғы ислам мәдениеті" деп аталатын халықаралық ғылыми конференцияда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Қожа Ахмет Ясауидің 2000 жылы "Мирасул" (Көңілдің айнасы) деген еңбегін Швецияның Уксала қаласынан алып келіп жариялаған болатынбыз. Кейін бұл кітаптың нұсқасын Пәкістаннан (Лахо) тауып алып келдік. Одан кейін Суфи Алиардың еңбегінде айтылған Ясауидің бұған дейін танылмаған "Китабы даллин" деген туындысын іздеп жүріп, осыдан бір ай бұрын Ташкенттегі Бируни атындағы шығыстану институтынан "Рисала дарадаб трактат" деп аталатын моралдық-этикалық көзқарастары жинақталған жаңа шығармасын тауып алдық. Онда Суфи Алиар айтқан "Китаби даллин" еңбегінен үзінді келтірілген. Бұл жерде тарихат этикасы, сопылық мектептің негізгі моралдық-этикалық ұсынымдары, идеялары, қағидалары, тарихаттағы әрбір моралдық орындардың сипаттамасы жасалған. 400 мыңнан астам қолжазбалар жинақталған бұл институттың түркі немесе Орталық Азияға қатысты қолжазбалар бөлімін қарағанымызға 8 жылдай болды", дейді филоофия және теология ғылымдарының докторы, професор Досай Кенжетай. Олар енді Иранның Құм қаласындағы Ифа орталығынан Ясауидің "Китаби даллин" еңбегін іздестіруге зерттеушілер жібермек. Досай Тұрсынбайұлының айтуынша, жалпы Қазақстанда бұған дейін Қожа Ахмет Ясауидің 3 еңбегі бар болатын. Олар - "Диуани Хикмет", "Фахрнама" және "Мирасул" (Көңілдің айнасы). Енді оның қатары "Рисала дарадаб трактатпен" толығып отыр.