Қожаберген жыраудың 350 жылдығын лайықты атап өтуіміз керек - А. Тасболатов

АСТАНА. 6 ақпан. ҚазАқпарат - Қожаберген жыраудың 350 жылдығын лайықты атап өтуіміз керек. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысы Серік Ахметовтің атына сауал жолдаған депутат Абай Тасболатов осылай мәлім етті.

Сауал барысында депутат Үкімет қаулысына сәйкес, ағымдағы жылы 350 жылдығы аталып өтілетін жырау Қожаберген Толыбайұлының мерейтойына дайындық барысында әлі шешімін таппаған мәселелерге тоқталды. «100 жасаған Қожаберген Толыбайұлы өмірінің 60 жылын елінің тәуелсіздігі үшін күресіп, ат үстінде өткізген. Ол қазақтың көп батырларының бірі ғана емес, бірегейі. 1688-1710 жылдары ширек ғасырға жуық қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының біріккен жасағына қолбасшылық жасаған сардар, бек, ордабасы, қолбасшы. Ел тағдырын ойлаған реформатор, сұңғыла саясаткер», - дейді А. Тасболатов. Сонымен қатар, депутат Үкіметтің жыраудың елімізге сіңірген баға жетпес еңбегін атап өту туралы қаулы қабылдағанын айта келе, оған сәйкес бірқатар мәселелерге тоқталып өтті.

«Облыс деңгейінде жыраудың мерейтойын атап өтуге қаржы қарастырылғанымен, министрліктерге қаржы қарастырылмаған. Соған орай, іс-шаралар жоспарындағы дүниелерге толық қаржы бөлінсе игі», - деді депутат.