Қожағапанов ісі: 910 миллион теңгеден астам қаражат жалған шарт арқылы шығарылған

Фото: primeminister.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Елорда соты бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов пен SUCCESS K агенттігінің бұрынғы бас директоры Ләззат Көккөзованың үстінен қозғалған қылмыстық іске шығарылған үкімге түскен апелляциялық шағымды қарауды жалғастырып жатыр. 

Бүгінгі апелляциялық инстанцияда прокурор Актөре Беріков қорытынды шығарды. Бұған дейін ол экс-вице-министрге жазаны қатаңдатуды талап еткен еді

Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, Ерлан Қожағапанов пен Ләззат Көккөзоваға қатысты қылмыстық іс өзара ұқсас болғандықтан біріктірілген.

— Қылмыстық істер Қазақстан мен Ресей арасындағы 2018 жылғы XV өңіраралық ынтымақтастық форумын дайындау мен өткізуге қатысты. Оларды біріктіру тағылған айыптарға байланысты барлық мән-жайды жан-жақты әрі толық бағалауға мүмкіндік берді, — деді прокурор.

Оның сөзінше, қорғаушы тараптың уәжі расталған жоқ. Іс бойынша қолданылған құжаттар заңды, процесте қатысушылардың құқығы бұзылмаған.

— Шартта көзделген барлық қызмет пен жұмыс толық көлемде орындалды, ал сарапшылар анықтаған орындалмаған позициялар іс жүзінде басқа түрде немесе өзге алаңдарда жүзеге асырылды деген уәж теріске шығарылды. Сараптамалық қорытынды жабдықтың бір бөлігі мен дыбыс берілмегенін, жалдау құны қымбат көрсетілгенін растады. Қаржылық құжаттар сметаның бірқатар тармағы бойынша нақты шығынның болмағанын көрсетті. Мердігер ұйымдардың қызметкерлері арасынан шақырылған куәгерлер барлық жұмыстың орындалғанын растамады, — деп түсіндірді Ақтөре Беріков.

Сондай-ақ, ол Ерлан Қожағапановтың мердігерді таңдауға қатысым жоқ деген мәлімдемесін куәгерлердің айғағы теріске шығарғанын айтты.

— «Қызмет бағалау» ЖШС сараптамасы жабдықты жалға алу құнының 571 млн 707 мың 607 теңгеге қымбаттатылғанын анықтады. «Активтерді бағалау орталығы» ЖШС бағасы LED-экрандарды жалға алу құнының сметада бірнеше есе артық көрсетілгенін растады. «Даму» аудиторлық компаниясы» ЖШС-нің қаржылық-аудиторлық қорытындысы нақты шығын шамамен 1,28 млрд теңгені құрағанын, ал алынған қаражат 2,35 млрд теңге болғанын көрсетті. Айырмашылық аффилирленген құрылым арқылы шығарылған, — деп толықтырды прокурор.

Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, қаражаттың бір бөлігі — 910 млн 366 мың 999 теңге — аффилирленген компаниялармен жасалған жалған шарт арқылы шығарылған.

Осылайша прокурор бұрыншы шенеуніктің кінәсі толық дәлелденгенін айтып отыр. Сондай-ақ, ол Ерлан Қожағапановтың мүлкіне салынған аресті азаматтық талапты орындау үшін қалдыруды сұрады, бірақ Алматыдағы басқа тұлғаға тиесілі бірқатар жылжымайтын мүлік тізімінен алып тастау қажет екенін мәлім етті. Олардың айыпталушыға қатысы дәлелденбеген.

— Соттан қорғаушы тараптың апелляциялық шағымын қанағаттандырусыз қалдыруды сұраймын. Прокурордың апелляциялық өтінішін толық көлемде қанағаттандыруды, бірінші инстанция үкімін прокурордың өтінішіне сәйкес өзгертуді сұраймын, — деп түйіндеді А. Беріков.

Осыдан кейін сот алқасы кеңесу бөлмесіне кетті.

Еске салайық, былтыр 1 наурызда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Мәдениет және спорт экс-вице-министрін ауыр жемқорлық қылмыс жасады деген күдік бойынша ұстады

Антикордың ақпаратынша, ол 2018 жылы Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының XV өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру бойынша шарт жасасуды қолдаған

Биыл мамырда бұрынғы вице-министр Ерлан Қожағапановға қатысты сот үкімі шықты.

Ал тамызда Ерлан Қожағапановты қорғаушы тарап сот үкіміне шағым түсірді

Сондай-ақ бұрынғы Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов соттан өзін ақтауды сұрады

Осылайша Ерлан Қожағапановты қорғаушы тарап сот үкімімен әлі күресіп жатыр