Көзі нашар көретін қарағандылық Алматыға велосипедпен аттанды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Көру мүмкіндігі бар болғаны 8% құрайтын Қарағанды қаласының тұрғыны велосипедпен Алматыға саяхаттап кетті, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімдігінің сайты.

Өзінің әрекетімен ол мүмкіндігі шектеулі азаматтарға рух беріп, барлық шектеулер тек олардың санасында ғана болатынын дәлелдемек. 

Дамир Кәрімов өзінің қоғамдық жұмыстарымен белгілі: ол қоршаған ортаны қорғауды қолдайтын түрлі акцияларға белсене қатысады, Қарағандыдағы «PosadiDerevo.kz» қоғамдық қозғалысына жетекшілік етеді.

Сонымен қатар ол облыс орталығындағы велосипедпен қысы-жазы жүретін аз ғана адамдардың бірі. 

«Мен туғанымнан тек 8 пайыз ғана көремін, - дейді Дамир - Әлемді басқаша көрудің не екенін білмеймін. Мен айналамда жөн таба аламын, кез келген адам секілді өз жұмыстарыммен айналысамын. Кезінде математика пәнінің мұғалімі маған: «Әлем басқаларына қандай талап қойса, саған да сондай талап қояды. Сондықтан сен өз өзіңе жоғары талап қоюың керек» деген еді. Қазір сол ұстазымның айтқанын іс жүзіне асырып келемін деп ойлаймын». 

Бүгін 6 маусым, таңғы 7:00-де Дамир жалғыз өзі велосипедке отырып, Қарағандыдан Алматыға аттанды. Оның есептеуінше, ол 5-6 күн жол жүруі тиіс. Ол шатырда түнеуді жоспарлауда. Өзімен бірге велосипедті жөндейтін саймандарын, қаптөсек, бал, жаңғақтардан және кептірілген жемістерден құралған тағамдар ала кеткен. 

«Тамақ пен суды жолдан ала саламын, онда тұрған еш қиындық жоқ деп ойлаймын», - деп жоспарларымен бөлісіті ол.

«Менің алыс қашықтыққа велосипедпен саяхаттаған достарым жолда жүргізушілер тоқтап, су мен тамақ беретінін айтты. Алайда көлікпен жеткізіп салуды ұсынса, бас тартамын. Мен барлық жолымты тек велосипедпен бағындыруды мақсат етемін», - дейді. 

Дамир үшін бұл алғашқы алыс саяхат. Осыған дейін ол 120 шақырым қашықтыққа жолға шығып көрген. Алматыдан саяхатшы пойызбен оралуды жоспарлауда.