Асқынудан кейін әйелдің көру қабілеті күрт нашарлаған: бір көзі мүлдем көрмей қалған, ал екінші көзімен тек жарықты ғана ажырата алған. Соның нәтижесінде оған I топтағы мүгедектік белгіленді.
Көмек іздеген әйел Қазақстандағы және шетелдегі бірнеше клиникаға жүгінгенімен, ешбір маман оның көру қабілетін қалпына келтіруге тәуекел етпеген. Жалғыз үміт — аздап болса да жарықты сезетін көзі еді.
Күрделі жағдайды Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасының офтальмолог дәрігері Гүлзат Әбдірайымова өз мойнына алды.
— Гүлзат Әбдірайымованың күрделі операцияларды жасайтынын естіген соң, дәл осы дәрігерге жүгінуді жөн көрдім. Маған қайтадан жарық дүниені көруге мүмкіндік берген кәсіби біліктілігі үшін дәрігерлерімізге зор алғысымды білдіремін, — деді пациент.
Дәрігерлердің айтуынша, жағдайды көзішілік қысымның өте жоғары болуы қиындата түскен. Операция барысында экспульсивті қан кету қаупі жоғары болып, бұл көру қабілетінің толықтай жоғалуына әкелуі мүмкін еді.
Соған қарамастан мамандар жарықты сезу қабілеті сақталған көзді аман алып қалуға шешім қабылдады. Екі сағатқа жуық уақытқа созылған күрделі аралас операция барысында көзішілік қысымды төмендетуге бағытталған антиглаукомалық операция және мөлдір қабықты трансплантаттау жүргізілді.
— Дәрігерлердің жоғары кәсіби біліктілігінің арқасында көзішілік қысым төмендетіліп, операцияға дейін тек жарықты ғана ажыратқан көздің көру қызметі қалпына келтірілді. Хирургиялық емнен кейін пациент қайтадан көре бастады. Қазіргі уақытта ол дәрігерлердің тұрақты бақылауында болып, оңалту курсынан өтіп жатыр, — делінген хабарламада.
Мөлдір қабықты трансплантаттау — офтальмологиядағы ең күрделі операциялардың бірі. Алматы қалалық орталық клиникалық ауруханасында мұндай жоғары технологиялық операциялар донорлық бағдарлама шеңберінде жүргізіледі. Жыл басынан бері мамандар 12 мөлдір қабықты трансплантаттау жасап, көптеген пациентке көру қабілетін сақтап қалуға және қайта қалпына келтіруге мүмкіндік берді.
Айта кетейік, елімізде 53 мыңнан астам мектеп оқушысынан көз аурулары анықталды.