«Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» поэмасы мюзикл ретінде ұсынылады

None
АСТАНА. 21 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Бейбітшілік және Келісім сарайында Тәуелсіздігімізге 22 жыл толуына орай «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» мюзиклі қойылады. Бұл туралы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының баспасөз қызметіне сілтеме astana.kz хабарлады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазақтың ұлы драматургы Ғ.Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» мюзиклінің премьерасы Тәуелсіздік күніне және «Бәйтерек» тобының 10 жылдық мерейтойына орайластырылған.

Басты кейіпкерлерді «Бәйтерек» тобының қатысушылары сомдайды. Қарабай бейнесінде ҚР «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Сайлау Камиев, Қодар бейнесін ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Малаев, Жантық бейнесінде ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нүркен Өтеуілов ойнайды.

Режиссердің айтуынша, шығарманың басты жаңалығы XIII-XIV ғасырда дүниеге келген туындыдағы қазақ халқының ұлттық болмысы, салт-дәстүрін бүгінгі қоғам мүшелеріне, жастарға сахна өнері арқылы ұсыну.