АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан Премьер-лигасының екінші турында алматылық «Қайрат» Түркістанның «Тұран» командасымен тең түсті.
Бұл ойын Түркістанда емес, Шымкент қаласындағы Қ.Мұңайтпасов атындағы стадионда болды. Себебі «Түркістан-аренада» жөндеу жұмыстарына байланысты команда осындай шешімге келген.
Кездесу барысында алматылық клубтың гол соғатын бірнеше мүмкіндігі болған еді. Дегенмен олар ұрымтал сәттерді мүлт жіберіп алды. Осылайша командалар 0:0 есебіне қанағат білдірді. Сондай-ақ бүгін «Жеңіс» «Шахтерді» 1:0 есебімен тізе бүктірді.
Айта кетсек, 5 наурызда «Астана» командасы «Жетісуді» 2:0 есебімен жеңген еді.
Ал 6 наурызда өз алаңында Қызылорданың «Қайсары» Петропавлдың «Қызылжарына» 0:3 есебімен есе жіберсе, «Атырау» мен «Ордабасы» 1:1 есебіне қанағат білдірді. Ал қостанайлық «Тобыл» өз алаңында «Елімайдан» 4:2 есебімен басым түсті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.