ҚПЛ: «Ақтөбе» «Ертістен» басым түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің алты қаласында өткен футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 25-турын «Ақтөбе» мен «Ертіс» командалары түйіндеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласында өткен ойында алаң иелері басымдығын танытты.  «Ертіс» өткен турда сырт алаңда «Ордабасы» клубын 2:0 есебімен сүріндірген еді. Одан бұрын павлодарлық ұжым 10 ойын бойы жеңіске жете алмай келген еді. Сондықтан бұл жолы да олар үш ұпай олжалап қайтуға ниет танытқаны анық.

Алаң иелері алғашқы болып есеп ашты. Алғашқы гол 24-минутта соғылды. Биылғы біріншілік барысында үздік сұрмерген атанып жүрген Маркос Пиззелли бұл жолы да қанжығасын майлап, биылғы доп додасындағы өзінің 18 голын енгізді. Ал 66-минутта Рейнальдо есепті еселей түсті. Есеп 2:0. Ойын осы есеппен аяқталды.  

Естеріңізге сала кетелік, бұдан басқа еліміздің бес қаласында кезекті тур ойындары ойналды. 

Келесі тур ойындары 30 қыркүйекте өтеді. Бұл күні «Астана» мен «Жетісу»,  «Ертіс» пен  «Атырау»,  «Қайрат» пен «Атырау», «Қызылжар» мен  «Қайсар»,  «Тобыл» мен  «Ордабасы», «Шахтер» мен «Ақжайық» командалары кездеседі.