ҚПЛ: «Ақтөбе» қатарынан төртінші мәрте жеңіске жетті

Фото: FC Astana

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионаты 9-турының алғашқы ойын күні аяқталды.

Аталған турды «Оқжетпес» (Көкшетау) пен «Ақтөбе» ашты. Кездесу барысында көкшетаулық команда бірінші болып есеп ашты. Оны 14-минутта Тимур Досмағамбетов өзінің еншісіне жазды. 

Оған 45-минутта «Ақтөбе» сапынан Оралхан Өміртаев 45-минутта бір голмен жауап берсе, одан кейін Жайро Жан 56, 65-минутта мергендік танытты.

Осылайша «Ақтөбе» қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсіп, қатарынан төртінші жеңісіне қол жеткізді. Нәтижесінде турнир кестесінде бірінші орынға көтерілді.

Тағы бір кездесуде «Атырау» мен «Жетісу» (Талдықорған) жасыл алаңға шықты.

Ойын барысында 51-минутта талдықорғандық клубтан Руслан Болов пенальтиді мүлтіксіз орындаса, 96-минутта атыраулық клубтан Заза Цицкишвили таразы басын теңестіріп кетті.
Командалар 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Ертең, 18 мамырда «Ұлытау» (Жезқазған) мен «Астана» ойнаса, «Жеңіс» (Астана) пен «Қызылжар» (Петропавл), «Қайсар» (Қызылорда) мен «Тұран» (Түркістан), «Елімай» (Семей) мен «Қайрат» (Алматы) командалары шеберлік байқасады.

Ал «Тобыл» (Қостанай) мен «Ордабасы» (Шымкент) кездесуі кейінге шегерілуі мүмкін.

Шымкенттік клуб Түркістан қаласынан Қостанайға ауа райының қолайсыздығына байланысты ұша алмаған. Оған байланысты Қазақстан футбол кәсіби лигасы нақты шешім кейін қабылданатынын жеткізді.