Жылма-жыл бас жүлдеге таласатын қос команда арасындағы матч жанкүйерлер арасында ерекше қызығушылық туғызады. Биыл алматылық клуб чемпиондық атаққа қатарынан үшінші мәрте қол созуды жоспарлап отыр. Десе де олар Шымкенттің «Ордабасы» командасымен талас жүргізіп келеді.
Өткен турда екі команда да жеңілістің ащы дәмін татты. «Қайрат» өз алаңында «Тобылға» 1:4 есебімен есе жіберсе, «Астана» сырт алаңда «Ордабасыға» 0:1 есебімен жеңілді.
Бүгінгі кездесу барысында қос команда бапкерлері негізінен тәжірибелі футболшыларға сенім артты. Алайда «Қайрат» сапында негізгі қақпашы Темірлан Анарбековтің орнына бұл жолы Шерхан Қалмырза шықты.
Ойынның 10-минутында алматылық клубтан жартылай қорғаушы Әділет Садыбеков қызыл қағазбен жазаланып, кездесуді ерте аяқтауға мәжбүр болды. Арада төрт минуттай өткенде «Астана» сапынан Рамазан Кәрімов көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.
Осылайша «Астана» қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсті.
Ал «Қайрат» қатарынан екінші мәрте жеңілістің ащы дәмін татты.
Дәл қазір бұл турда «Тобыл» (Қостанай) — «Елімай» (Семей), «Атырау» — «Ордабасы» (Шымкент) кездесуі өтіп жатыр.
Сондай-ақ 18 қыркүйекте 16:00–де «Оқжетпес» (Көкшетау) — «Жеңіс» (Астана), 17:00–де «Жетісу» (Талдықорған) — «Каспий» (Ақтау), «Алтай» (Өскемен) — «Ертіс» (Павлодар), 19:00–де «Қызылжар» (Петропавл) — «Қайсар» (Қызылорда), 20:00–де «Ақтөбе» — «Ұлытау» (Жезқазған) ойнайды.