ҚПЛ: «Астана» өз алаңында «Тұранды» ірі есеппен жеңді

Фото: «Астана» футбол клубы

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 17-туры басталды.

Бұл турдағы алғашқы ойында елордалық «Астана» өз алаңында түркістандық «Тұранды» қабылдады.

Астаналық футболшылар биылғы біріншілікті сәтті өткізіп келеді. Нәтижесінде турнир кестесінде бірінші орында келеді. Есесіне түркістандық клуб соңғы сегіз турда жеңілістің ащы дәмін татып, турнир кестесіндегі жағдайын біршама қиындатып алды.

Бүгінгі кездесуде елордалық команда ойын тізгінін өз қолында ұстады. Олардың қатарынан Нұралы Жақсылық 9, 42, Усман Камара 16, Назми Грипши 19-минутта гол соқса, одан кейін Чинеду Джеффри 81, Марин Томасов 86, Рамазан Кәрімов 92-минутта мергендік танытты.

Осылайша «Астана» қарсыласынан 7:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде жағдайын жақсартып алды.

Енді аталған турда 19 шілдеге үш кездесу белгіленген. Сағат 18:00-де «Елімай» (Семей) мен «Жеңіс» (Астана), «Қайрат» (Алматы) пен «Қайсар» (Қызылорда), 20:00-де «Оқжетпес» (Көкшетау) пен «Ұлытау» (Жезқазған) жасыл алаңға шығады.

Сондай-ақ 20 шілдеде 18:00-де «Қызылжар» (Петропавл) мен «Атырау», 20:00-де «Ақтөбе» мен «Тобыл» (Қостанай), «Жетісу» (Талдықорған) мен «Ордабасы» (Шымкент) ойнайды.