Биылғы маусымды үздік үштікте түйіндеуге тырысқан елордалық команда әрбір кездесуде үш ұпай олжалауға ұмтылып келеді. Соған қарамастан бүгін олар қостанайлық клубтан жеңілістің ащы дәмін татты.
Кездесу барысында қостанайлық клубтан 28-минутта Мохамед Амин Талал есеп ашса, 52-минутта астаналық командадан Карло Бартолец таразы басын теңестірді.
Ойынның 61-минутында «Тобыл» сапынан Виталий Лисакович соққан гол кездесу нүктесін қойды.
Осылайша, «Астана» қарсыласына 1:2 есебімен есе жіберіп, турнир кестесіндегі жағдайын біршама қиындатып алды.
Сондай-ақ Елімай» (Семей) өз алаңында «Ақтөбеге» 1:3 есебімен есе жіберсе, Петропавлдың «Қызылжары» сырт алаңда Павлодардың «Ертісін» 2:0 есебімен қапы қалдырды.
Дәл қазір «Қайрат» (Алматы) — «Жетісу» (Талдықорған), «Жеңіс» (Астана) — «Атырау»кездесуі өтіп жатыр.
Ал 11 қазан 15:00–де «Ұлытау» (Жезқазған) — «Оқжетпес» (Көкшетау), 16:00–де «Каспий» (Ақтау) — «Алтай» (Өскемен), 19:00–де «Қайсар» (Қызылорда) — «Ордабасы» (Шымкент) ойнайды.
Футболдан Қазақстан чемпионатының соңғы туры 31 қазан күні өткізіледі.