ҚПЛ: «Астана» сырт алаңда «Атырауды» ойсырата жеңді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің кейінге қалдырылған 23 тур ойыны болып өтті. Бұл ойында «Атырау» өз алаңында елордалық «Астана» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Турнир кестесінде көш соңында келе жатқан «Атырау» биыл да чемпиондыққа үміткерлер қатарындағы «Астанаға» лайықты қарсылық көрсете алған жоқ. Елордалық клуб қатарынан төрт гол соқты. Алдымен «Астана» сапынан 13-минутта Лука Шимунович есеп ашса, 15-минутта оның командалас әріптесі Марин Томасов мергендік танытты. Марин Томасов 33-минутта тағы да гол соғып есепті ұлғайта түсті. Ал 44-минутта елордалық Дорин Ротариу қарсыластар қақпасының торын тулатты. Алаң иелері қатарынан 89-минутта Қуаныш Қалмұратов қорытынды есепті белгіледі. Осылайша «Астана» 4:1 есебімен жеңіске жетті. Турнир кестесінде жағдайын жақсартып, үздік үштікті түйіндеп тұр. Алда - Қостанайдың «Тобылы» мен Алматының «Қайраты». Чемпиондық аталмыш үш команда арасында жүріп жатыр.

Енді 28-тур ойындары 28 және 29 қыркүйек күндеріне жоспарланған. 28 қыркүйекте «Тобыл» мен «Жетісу», «Ертіс» пен «Шахтер», «Астана» мен «Қайсар», келесі күні «Қайрат» пен «Ордабасы», «Атырау» мен «Оқжетпес», «Ақтөбе» мен «Тараз» командалары ойнайды.

Фото: fcastana.kz