ҚПЛ: «Атырау» қатарынан жетінші мәрте жеңілді

Фото: Фото: Мақсат Шағирбаев/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының алдын-ала өткізілген 18-турындағы «Атырау» және «Астана» кездесуінің нәтижесі белгілі болды. 

Жанкүйерлер көкейінде алты тур бойы жеңіске жетіп көрмеген атыраулық клуб көш басындағы елордалық командаға қандай қауқар көрсете алады деген сауал тұрды. Есесіне «Астана» алты кездесуде төрт мәрте жеңіске жеті, екеуінде тең нәтижені тіркеді. Турнир кестесінде көш басында келеді.

Ойын барысында елордалық команданың белсенділігі байқалып тұрды. Осындай сәттердің бірінде «Атырау» қақпасына белгіленген пенальтиден Назми Грипши мүлт кеткен жоқ.

Екінші кезеңде астаналық ұжым басымдықты арттыра түсті. Алаң иелері қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Олардың тарапынан жасалған шабуылдың бірінде 71-минутта Марин Томасов көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ.

Осылайша «Астана» қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде сегіз ойыннан кейін алматылық «Қайратпен» ұпайы теңесті.

Ал «Атырау» қатарынан жетінші мәрте жеңілді.

Енді жетінші турда 3 мамырда «Атырау» өз алаңында шымкенттік «Ордабасыны» қабылдаса, 4 мамырда «Астана» сырт алаңда қызылордалық «Қайсармен» ойнайды.

Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан Қазақстан кәсіби лигасының шешімімен наурыз айының үздік бапкері мен ойыншылары анықталды.