ҚПЛ: «Атырау» мен «Тұран» тең тарқасты

Фото: ҚФФ

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің ХХ турында «Атырау» мен «Тұран» тең тарқасты.

Екі команда биылғы біріншілікті сәтсіз өткізіп келеді. Салдарынан екеуі де турнир кестесінде көш соңында тұр. Жеңген команда жағдайын жақсарта түсетін еді.

Кездесу барысында түркістандық клубтан Абылайхан Назымханов 58-минутта есеп ашса, оған атыраулық клубтан Константин Дорофеев 85-минутта бір голмен жауап қайырды.

Осылайша командалар 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Айта кетсек, 9 тамызда көкшетаулық «Оқжетпес» бұл жолы өз алаңында Талдықорғанның «Жетісу» клубына 1:2 есебімен жол берсе, «Ұлытау» (Жезқазған) мен «Қызылжар» (Петропавл) 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Сондай-ақ 10 тамызда 18:00–де «Елімай» (Семей) мен «Ақтөбе», 20:00–де «Қайсар» (Қызылорда) мен «Ордабасы» (Шымкент) ойнайды.

Аталған турдағы «Тобыл» (Қостанай) мен «Астана» кездесуі 19 қыркүйекке шегерілді. Бұл шешім елордалық клубтың еурокубок ойындарына қатысуына байланысты қабылданып отыр.

Алдын ала өткізілген ойында елордалық «Жеңіс» Алматының «Қайратына» 1:2 есебімен жол берді.