ҚПЛ: «Атырау» сегіз ойынға созылған сәтсіздік сериясын тоқтатты

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін футболдан Қазақстан Премьер-лигасы ХХV турының алғашқы ойын күні мәресіне жетті.

Фото: «Атырау» ФК

Бұл күнгі ойындарды «Қызылжар» (Петропавл) — «Атырау» командалары түйіндеді.
Турнир кестесінде петропавлдық ұжымның жағдайы тәуір десек болады. Есесіне атыраулық команда бірінші лигаға түсіп қалу қауіпті аймағында тұр. Сол себепті бүгін олар жеңіске жету кілтін іздейді. Соңғы екі матчта атыраулық клуб қатарынан қарсыластарына есе жіберіп қойды. Кездесу барысында атыраулық клубтан Риливан Рабиу 87-минутта соққан голы өз командасына жеңіс алып келді.

Осылайша «Атырау» қарсыласын 1:0 есебімен қапы қалдырып, турнир кестесінде 23 ұпаймен он бірінші орынға көтерілді. Олар сегіз ойынға созылған сәтсіздік сериясын тоқтатты.

Айта кетсек, бұдан бұрын «Ақтөбе» өз алаңында Астананың «Жеңісінен», талдықорғандық «Жетісу» Павлодардың «Ертісінен» 1:0 есебімен басым түсті.

Сондай-ақ бүгін сырт алаңда алматылық «Қайрат» Ақтаудың «Каспийін» 3:0 есебімен жеңсе, «Ордабасы» Көкшетаудың «Оқжетпесіне» 1:2 есебімен есе жіберді.
https://kaz.inform.kz/news/kpl-okzhetpes-ordabasini-on-zhildan-keyn-zhend-13019f77
Ал 6 қыркүйекте «Алтай» (Өскемен) — «Қайсар» (Қызылорда), «Астана» — «Елімай» (Семей), «Тобыл» (Қостанай) — «Ұлытау» (Жезқазған) ойнайды.