ҚПЛ: Дастан Сәтпаевтың екі голы «Қайратқа» жеңіс алып келді

Фото: Фото: ҚФФ

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының жетінші турындағы алғашқы екі ойынның нәтижесі белгілі болды.

Турнир кестесінде көш басында келе жатқан алматылық «Қайрат» сырт алаңда Жезқазғанның «Ұлытау» клубымен кездесті.

Жанкүйерлер көкейінде соңғы орынды місе тұтып тұрған жезқазғандық команда тәжірибелі қарсыласына төтеп бере ала ма деген сауал тұрды. Биыл бас жүлдеге қол созуды қалайтын «Қайрат» ұпайдан шашау шығарғысы келген жоқ. Алғашқы минуттан негізгі құрам футболшыларына сенім артты.

Бірінші кезеңде олар шабуылға көбірек көңіл бөлді. Соған қарамастан бір ғана гол соқты. Ойынның 30-минутында 16 жастағы жас футболшы Дастан Сәтпаев биылғы біріншіліктегі бесінші голды еншісіне жазды. Ал 48-минутта алматылық клубтан Александр Мартынович есепті үстемелей түссе, одан кейін Георги Зариа 62-минутта пенальтиден мүлт кеткен жоқ.

Алматылық командадан Дастан Сәтпаев 68-минутта тағы бір мәрте мергендік танытты. Оның соққаны голы алтауға жетіп, «Астананың» жартылай қорғаушысы Марин Томасовпен теңесті.
Оған «Ұлытау» сапынан Максим Чалкин 79-минутта бір голмен жауап қайырды. Осылайша «Қайрат» қарсыласынан 4:1 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде 17 ұпаймен жеке-дара көш бастады.

Аталған турдағы тағы бір кездесудің нәтижесі белгілі болды. Елордалық «Жеңіс» өз алаңында «Ақтөбеге» 0:1 есебімен жол берді. 

Дәл қазір «Атырау» өз алаңында бірінші кезеңнен кейін шымкенттік «Ордабасыға» 0:2 есебімен жеңіліп жатыр. 

Бүгін сағат 19.00-дe «Тұран» (Түркістан) мен «Жетісу» (Талдықорған) кездеседі.

Сондай-ақ ертең, 4 мамырда «Қайсар» (Қызылорда) мен «Астана», «Елімай» (Семей) мен «Оқжетпес» (Көкшетау), «Тобыл» (Қостанай) мен «Қызылжар» (Петропавл) шеберлік байқасады.

Бұған дейін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының жетінші туры басталатынын жазған едік.