ҚПЛ: Дастан Сәтпаевтың голы тағы да «Қайратқа» жеңіс әкелді
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатының алдын-ала өткізілген 16-турында алматылық «Қайрат» «Атырауды» ойсырата жеңді.
Екі команданың өзара келісімі бойынша аталған ойын мерзімінен бұрын өткізілді. Бұл алматылық клубтың жаз мезгілінде еурокубок ойындарына қатысуына байланысты қабылданды.
Айта кетсек, 6 сәуірде Атырауда екі команда тағы бір мәрте кездесіп, ол жолы «Қайрат» 4:1 есебімен тізе бүктірген еді.
Бүгінгі кездесу барысында алматылық команда ойын тізгінін өз қолында ұстап, көбірек шабуылға иек артты. Нәтижесінде ойынның 1-минутында Дастан Сәтпаев мергендігімен көзге түсті. Небәрі 16 жастағы футболшы биылғы доп додасын сәтте бастады. Қазірдің өзінде бес ойында төрт мәрте гол соғып, сұрмергендер көшінде алдыңғы орында келеді.
Ойын барысында одан кейін Еркін Тапалов 6, Александр Мартынович 50, Жоржиньо 58-минутта мергендігімен көзге түсті.
Осылайша «Қайрат» қарсыласынан 4:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде 13 ұпаймен жеке-дара көш басына шықты.
Енді бесінші тур ойындары 19 және 20 сәуір күндері өткізіледі.