ҚПЛ: «Елімай» алты турдан кейін жеңіске жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Премьер-лигасы ХІ турында бүгін, 23 мамырда семейлік «Елімай» алты турдан кейін жеңіске жетті.

Фото: «Жеңіс» футбол клубы

Семейлік команда алты ойын бойы үш ұпайға қол жеткізе алмай келді. Олар үш мәрте тең түсіп, үш мәрте жеңілістің ащы дәмін татты. Салдарынан турнир кестесіндегі жағдайын қиындатып алды. 

Семейліік футболшылар бүгін өз алаңында астаналық «Жеңісті» қабылдаған еді. Ойын барысында олардың қатарынан Роман Мұртазаев 20-минутта есеп ашса, одан кейін 48-минутта елордалық командадан Исламбек Қуат таразы басын теңестіріп кетті. 

Кездесудің 80-минутында «Елімай» сапынан Фессу Плакка ойынның нүктесін қойды. 
Осылайша олар қарсыласын 2:1 есебімен тізе бүктіріп, турнир кестесінде 17 ұпаймен алтыншы орынға көтерілді.

Сондай-ақ бүгін «Жетісу» (Талдықорған) — «Атырау» 0:0 есебіне қанағат білдірді.
Дәл қазір «Қайрат» (Алматы) — «Қайсар» (Қызылорда), «Ақтөбе» — «Қызылжар» (Петропавл) кездесуі өтіп жатыр.

Бұл турды сағат 20:00–де «Тобыл» (Қостанай) — «Ордабасы» (Шымкент) ойыны түйіндейді.

Айта кетсек, 22 мамырда өткен ойындарда елордалық «Астана» Жезқазғанның «Ұлытауын» 3:0, Көкшетаудың «Оқжетпесі» Өскеменнің «Алтайын» 1:0 есебімен жеңсе, «Каспий» (Ақтау) — «Ертіс» (Павлодар) 2:2 есебіне қанағат білдірді.