ҚПЛ: «Елімай» турнир кестесінде көш басына шықты

Фото: Kffleague.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Қазақстан Премьер-лигасының V турындағы екі ойынның нәтижесі белгілі болды.

Бұл турдағы алғашқы кездесу «Атырау» мен «Қайсар» (Қызылорда) арасында өтті. Екі команда төрт турдан кейін жеңіске жете алмай жүрген еді. Сондықтан олар үш ұпайға қол жеткізуге бар күшін салды.

Бірінші кезеңде қызылордалық клубтың басымдығы байқалып тұрды. Дегенмен олар діттеген мақсатына жете алған жоқ. Екінші кезеңде «Атырау» өз мүмкіндіктерін құр жібермеді. Алдымен 72-минутта Егор Хвалько есеп ашса, 94-минутта Қуаныш Қалмұратов ойынның нүктесін қойды.
Осылайша «Атырау» қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсіп, биылғы доп додасындағы алғашқы үш ұпайына қол жеткізді.

Сондай-ақ «Жетісу» (Талдықорған) мен «Елімай» (Семей) кездесуі де аяқталды. Бұл ойында Роман Мұртазаевтың 85-минутта пенальтиден соққан жалғыз голы матч тағдырын шешті.
Ойында 1:0 есебімен басым түскен семейлік клуб 11 ұпаймен турнир кестесінде көш басына шықты.

Енді бүгін 18:00-де «Тобыл» (Қостанай) мен «Қайрат» (Алматы), 20:00-де «Астана» мен «Ордабасы» (Шымкент) жасыл алаңға шығады. 

Сондай-ақ 12 сәуірде «Оқжетпес» (Көкшетау) - «Ертіс» (Павлодар), «Алтай» (Өскемен) - «Ұлытау» (Жезқазған), «Қызылжар» (Петропавл) - «Жеңіс» (Астана), «Ақтөбе» - «Каспий» (Ақтау) ойнайды.

Бұған дейін Қазақстан Премьер-лигасының бесінші тур ойындары басталатынын хабарлағанбыз.