Бүгін аталған турда екі ойын өткізілді. Қызылорданың «Қайсары» мен Петропавлдың «Қызылжар», Қарағандының «Шахтері» мен Ақтаудың «Каспий» командалары кездесті.
Алғашқы ойында «Қайсар» мен «Қызылжар» футболшылары жасыл алаңға шықты. Қос команда бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алмады. Олар 0:0 есебімен тең тарқасты.
Ал «Шахтер» мен «Каспий» арасындағы кездесуде қарағандылық клубтың жолы болды. 11-минутта «Шахтер» ойыншысы Гидеон Баа есеп ашты. Ал 82-минутта ақтаулық Бекзат Қабылан таразы басын теңестірді. Жеңісті голды 87-минутта қарағандылық Евгений Ткачук соғып, «Шахтер» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті. Осылайша «Каспий» сегізінші мәрте жеңілді.
Айта кетейік, 26 қыркүйекте өткен осы турда «Тараз» бен «Тобыл» 0:0 есебімен тең түскен болатын. Ал 27 қыркүйекте «Қайрат» пен «Оқжетпес» 3:3 есебімен тең ойнаса, «Астана» мен «Жетісудан» 3:0 есебімен басым түсті.
Енді 12-тур ойындары 1 және 2 қазан күндері өтеді. Бұл турда 1 қазанда «Астана» мен «Каспий», «Қайрат» пен «Шахтер» командалары кездессе, 2 қыркүйекте «Қайсар» мен «Оқжетпес», «Ордабасы» мен «Тараз», «Тобыл» мен «Жетісу» командалары шеберлік байқасады.