9 мамырға белгіленген кездесудің бірінде «Елімай» (Семей) мен «Каспий» (Ақтау) кім мықтыны анықтады.
Өткен турда семейлік клуб сырт алаңда жезқазғандық «Ұлытауға» 0:1 есебімен есе жіберсе, ақтаулық команда дәл сондай есеппен елордалық «Астананы» тізе бүктірген еді.
Бүгінгі ойын барысында командалар алғашқы кезеңде бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ. Екінші кезеңде «Каспий» сапынан Ноха Ндомбаси 78-минутта өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ. Бұл гол ақтаулық клубқа үш ұпай сыйлады. Осылайша ақтаулық клуб қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізді. Нәтижесінде олар 7 ұпаймен 12 орынға көтерілді.
Бұл турдағы тағы бір ойында «Жетісу» (Талдықорған) мен «Жеңіс» (Астана) кездесті. Бірінші кезеңде елордалық команда сапынан Адилио 7, Лука Имнадзе 19-минутта гол соқты. Ал қарсыластар сапынан Нұрбол Әнуарбеков 16 минутта көзге түссе, Серікжан Мужиков 28-минутта таразы басын теңестірді. Ойынның 73-минутында талдықорғандық қақпашы Данил Подымский өз қақпасына гол соғып алды. Осылайша «Жеңіс» қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде 13 ұпаймен алтыншы орынға көтерілді.
Ал тағы бір кездесуде «Оқжетпес» (Көкшетау) пен «Атырау» клубтары 0:0 есебіне қанағат білдірді.
Дәл қазір «Астана» мен «Қызылжар» (Петропавл) арасындағы кездесу өтіп жатыр. Ал кешкі сағат 20:00-де «Тобыл» (Қостанай) мен «Ертіс» (Павлодар) жасыл алаңға шығады.
Екінші ойын күні, 10 мамырда 15:00-де «Ұлытау» (Жезқазған) - «Қайрат» (Алматы), 16:00-де «Алтай» (Өскемен) - «Ордабасы» (Шымкент), 17:00-де «Ақтөбе» - «Қайсар» (Қызылорда) ойнайды.
Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан әйелдер лигасында «Ақтөбе» тағы да ірі есеппен жеңіске жетті.