Бүгінгі алғашқы кездесуде Шымкенттің «Ордабасы» және Алматының «Қайрат» командалары шеберлік байқасты. Бұл кездесуде алматылық клуб сапынан бразилиялық шабуылшы Вагнер Лав 17-інші және 22-минутта қос голдың авторы атанды. Оған шымкенттік футболшы Жоао Паоло 34-минутта бір голмен жауап қайырды. Ал 40-минутта «Қайраттың» шабуылшысы Абат Айымбетов мергендік танытып, ойынның нүктесін қойды. Осылайша «Қайрат» қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсті.
Елордалық «Астана» екі тур бойы жеңіске жете алмай келеді. Өткен турда «Тобылдан» 0:2 есебімен жеңілген олар бұл жолы «Таразбен» 1:1 есебімен тең тарқасты. Ойында елордалық клубтан Тигран Барсегян 4-минутта гол соқса, оған тараздық Тони Сильва 48-минутта бір голмен жауап берді.
Жетінші турдан кейін турнир кестесінде «Қайрат» 18 ұпаймен көш басында тұр. Ал «Астананың» еншісінде небәрі 11 ұпай бар. Осылайша алматылық клуб басты қарсыласынан 7 ұпайға ұзап кетті.
Сондай-ақ бүгін Петропавлдың «Қызылжары» Ақтаудың «Каспийімен» кездесуде 1:0 есебімен жеңіске жетті. Оны 6-минутта петропалдық футболшы Максим Драченко өзінің еншісіне жазды.
Аталған турдағы екі ойын кеше өткізілді. Бұл күні «Қайсар» «Тобылдан» 1:0 есебімен басым түссе, «Оқжетпес» пен «Шахтер» 1:1 есебімен тең ойнады https://kaz.inform.kz/news/kpl-kaysar-turnir-kestesinde-ekinshi-orynga-koterildi_a3688798.
Енді Қазақстан чемпионатында аздаған үзіліс жарияланды. Себебі, Қазақстан құрамасы қыркүйек айының алғашқы күндерінде Ұлттар лигасында екі ойын өткізеді.
Сегізінші тур 12 қыркүйекте өткізіледі.