ҚПЛ: «Қайрат» өз алаңында «Елімаймен» кездеседі
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің ХХІ туры басталады.
Аталған турдағы ойындар екі күнге белгіленген. Бүгін, 16 тамызда үш кездесу өтсе, қалған төртеуі 17 тамызға белгіленген.
16 тамызда сағат 18:00-де «Қайрат» (Алматы) пен «Елімай» (Семей), «Қызылжар» (Петропавл) мен «Жеңіс» (Астана) шеберлік байқасады. Ал 20:00-де «Тұран» (Түркістан) мен «Қайсар» (Қызылорда) жасыл алаңға шығады.
Сондай-ақ 17 тамызда 20:00-де «Ордабасы» (Шымкент) мен «Тобыл» (Қостанай), «Жетісу» (Талдықорған) мен «Атырау», «Ақтөбе» мен «Оқжетпес» (Көкшетау), «Астана» мен «Ұлытау» (Жезқазған) ойнайды.
Айта кетсек, 43 ұпаймен «Қайрат» командаcы турнирлік кестеде бірінші орынға жайғасқан. Одан кейінгі орындардағы «Астананың» 40, «Тобылдың» 38 ұпайы бар.
Сұрмергендер көшінде Дәурен Жұмат («Оқжетпес») 10 голмен жеке-дара көш бастап тұр. Назми Грипши («Астана») 9 голмен екінші орында, одан кейінгі орындардағы Дастан Сәтпаев («Қайрат») пен Марин Томасов («Астана») 8 гол соғып үлгерген.
Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан Бірінші лигада «Шахтер» «Ақтөбе-2» командасымен тең түсті.