ҚПЛ: «Қайрат» өз алаңында «Қайсармен» тең түсті

Фото: ҚФФ

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің ХVII турында тағы екі ойынның нәтижесі белгілі болды. 

Екінші ойын күні, 19 шілдеде алматылық «Қайрат» өз алаңында Қызылорданың «Қайсарын» қабылдады.

Кездесу барысында алматылық команда негізінен жастарға сенім артты. Негізгі құрам ойыншылары қосалқы құрамда қалды. Соған қарамастан алматылық команда алғашқы минуттан шабуыл шебіне көңіл бөлді. Нәтижесінде олардың қатарынан 21-минутта Рамазан Бағдат мергендігімен көзге түсті.

Екінші кезеңде қызылордалық клуб белсенділік көрсетті. Ойынның 53-минутында Рамазан Бағдат өзінің айып алаңында тәртіп бұзып, төреші оған қызыл қағаз көрсетті. «Қайрат» қақпасына белгіленген пенальтиден Марлен Айманов мүлт кеткен жоқ. Осылайша командалар 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Тағы бір кездесуде семейлік «Елімай» өз алаңында астаналық «Жеңіске» 1:2 еесбімен жол берді. 

Дәл қазір «Оқжетпес» (Көкшетау) пен «Ұлытау» (Жезқазған) кездесуі басталды.

Сондай-ақ 20 шілдеде 18:00-де «Қызылжар» (Петропавл) мен «Атырау», 20:00-де «Ақтөбе» мен «Тобыл» (Қостанай), «Жетісу» (Талдықорған) мен «Ордабасы» (Шымкент) кім мықтыны анықтайды. 

Ал 18 шілдеде елордалық «Астана» Түркістанның «Тұранын» 7:0 есебімен тізе бүктірді.