ҚПЛ: «Қайрат» өз алаңында «Оқжетпесті» ірі есеппен жеңді

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Қазақстан Премьер-лигасында кейінге қалдырылған ХV турда «Қайрат» (Алматы) — «Оқжетпес» (Көкшетау) кездесті.

Фото: Kazinform

Ойын барысында алғашқы минуттан алматылық команда белсенділік көрсетті. Қарсылас клубтың қақпасы маңында жиі бой көрсетіп, жылдам гол соғу мүмкіндігін қарастырды. Десе де алғашқы отыз минутында қақпа құлпы ашылған жоқ.

Ойынның 30-минутында алматылық клубтан испаниялық шабуылшы Марк Гуаль мергендігін танытса, 36-минутта тағы бір мәрте көзге түсті.
Ал олардың қатарынан Жоржиньо 42-минутта есепті үстемелей түсті.

Екінші кезеңде көкшетаулық клуб белсенділікті арттырды. Дегенмен діттеген мақсатына жете алған жоқ. Есесіне өз қақпасына тағы екі гол жіберіп алды. Алдымен 79-минутта Эдмилсон гол соқса, 90-минутта Азамат Тұяқбаевтың қанжығасы майланды.

Осылайша «Қайрат» қарсыласынан 5:0 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде 18 ойыннан кейін 39 ұпаймен бірінші орынға көтерілді.

Олардан үш ойынды кем өткізген Шымкенттің «Ордабасы» клубының еншісінде 37 ұпайы бар. 

Енді 3, 4, 5 шілде Қазақстан чемпионатында ХVІ туры өтеді.

Айта кетсек, бұдан бұрын Қазақстан Премьер-лигасында бірінші айналым мәресіне жетті.