АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің кейінге қалдырылған VIII-турының соңғы ойыны өтеді. Бұл кездесуде «Қайрат» (Алматы) пен «Жеңіс» (Астана) шеберлік байқасады.
Ойын Қазақстан уақытымен 18:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Аталған турдағы өзге ойындар 10 және 11 мамыр күндері өткізілді. 10 мамырда Петропавлдың «Қызылжары» Жезқазғанның «Ұлытауын» 2:1, түркістандық «Тұран» «Атырауды» 1:0 есебімен тізще бүктірсе, «Астана» қостанайлық «Тобылға» 1:3 есебімен жеңілді.
Ал 11 мамырда Шымкенттің «Ордабасы» клубы Қызылорданың «Қайсарын», «Ақтөбе» Семейдің «Елімайын» 1:0 есебімен қапы қалдырып, Талдықорғанның «Жетісуы» көкшетаулық «Оқжетпеске» 1:3 есебімен есе жіберді.
Сұрмергендер көшінде Назми Грипши («Астана») 13 голмен көш бастап тұрса, одан кейінгі орындарда Марин Томасов («Астана») 11, Дастан Сәтпаев («Қайрат») пен Дәурен Жұмат («Оқжетпес») 9 голмен келеді.
Еске салсақ, бұдан бұрын «Ұлытау» өз алаңында «Ақтөбеден» басым түсті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.